Кездесу жас дарындарды қолдауға, олардың еңбегін бағалап, білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Республикалық кезеңге Алматы облысынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 36, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 30 оқушы жолдама алған. Нәтижесінде 34 оқушы жүлделі орындарға ие болып, облыс әкімінің қолынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Биыл да Алматы облысының командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша командалық І орынды жеңіп алды. Бұл өңірдегі ауыл мектептерінде білім сапасының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Жекелеген жетістіктер де атап өтілді. Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылындағы №1 орта мектептің оқушысы Абдыхамит Нұрислам республикалық олимпиаданың абсолют жеңімпазы атанып, бұл жетістігін үш жыл қатарынан қайталады. Ал Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясының оқушысы Бекмухамед Айша екі жыл қатарынан «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясын иеленді. Қос оқушы да бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері атанып отыр.
Сонымен қатар Қарасай ауданы Алмалыбақ орта мектебі мен Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясы «Үздік олимпиада мектептері» аталымына ие болды. Командалық есепте Іле және Ұйғыр аудандары – 7, Талғар ауданы – 6 жүлделі орынмен үздіктер қатарынан көрінді.
Кездесу барысында облыс әкімі оқушыларды құттықтап, олардың табандылығы мен білімге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
«Сіздердің жетістіктеріңіз – ауыл мектебінің әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді. Осындай талапты жастар барда еліміздің болашағы нық болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Шараға облыс әкімдігі, білім басқармасы, «Жас дарын» ғылыми-практикалық орталығының өкілдері мен марапатталған оқушыларды қоса алғанда, барлығы 60 адам қатысты.





