Ведомство дерегінше, тіркелген құқық бұзушылықтардың ішінде 25 қылмыс және 32 қылмыстық теріс қылық бар.
Анықталған фактілердің басым бөлігі есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізумен байланысты. Атап айтқанда, 17 дерек есірткі өткізуге қатысты, 2 факт құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру, 5 дерек аса ірі мөлшерде сақтау, сондай-ақ 1 факт есірткіні заңсыз дайындау және қайта өңдеу бойынша тіркелген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 46 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде шамамен 30 келісі синтетикалық есірткілер. Сонымен қатар 12 келіден астам марихуана, 3 келіге жуық каннабис және 300 грамнан астам гашиш алынған.
Полиция мәліметінше, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған екі зертхана және синтетикалық есірткі өндіретін бір зертхана анықталып, жойылған.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттермен де күресті күшейткен. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен 340 сайт анықталып, бұғатталған. Олардың қатарында «күлдіргіш газ» деп аталатын заттарды тарататын ресурстар да бар.
Бұдан бөлек, «Антифрод-орталыққа» 230 жергілікті банк картасын бұғаттау туралы мәлімет жолданған. Сонымен қатар құқыққа қарсы әрекеттерде пайдаланылған 8 мыңнан астам шетелдік карта мен 293 криптокошелек анықталған.
Жыл басынан бері өңірде 199 профилактикалық іс-шара өткізілген. Оның ішінде акциялар, дәрістер, рейдтер және тұрғындармен кездесулер бар.
Есірткі жарнамасын жою бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, граффити арқылы насихатталған заңсыз жарнамаларды жою бойынша 40 акция ұйымдастырылып, 90-нан астам еріктінің қатысуымен 105 жазу өшірілген.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында 112 дәріс өткізіліп, жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған ақпараттық материалдар таратылған.
Полиция өкілдері мұндай кешенді шаралар өңірдегі есірткі қылмыстарының алдын алуға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.





