Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, Қырғызсай ауылдық округінің әкімі Жәнібек Айғожаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру бөлімшесі заманауи техникамен, арнайы киіммен, байланыс құралдарымен және дайындықтан өткен жеке құраммен толық қамтамасыз етілген. Бұл өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жаңа өрт пунктінің ғимараты тәулік бойы қызмет атқаруға дайын. Онда өрт сөндіру техникасына арналған арнайы бокс, диспетчерлік пункт, сондай-ақ қызметтік және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Ашылу рәсімі аясында дәстүр бойынша аумаққа жас шыршалар отырғызылды.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін күшейтуге бағытталған. Жаңадан ашылған өрт сөндіру пункті Қырғызсай ауылымен қатар Сүмбе, Шошанай, Кіші Ақсу және Үлкен Ақсу елді мекендерінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Жалпы қызмет көрсету аумағында 10 мыңнан астам адам тұрады. Жаңа бөлімшенің іске қосылуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.





