Жиында елдегі ахуал туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі өкілдері баяндама жасады.
Қазгидромет РМК мәліметінше, биыл наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болжанып отыр. Сәуір айы да жылы болады деп күтіледі.
Әсіресе оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан артуы мүмкін.
Болжамға сәйкес, су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары енгізілген.
Ал Алматы облысы су тасқыны қаупі орташа аймақтар қатарына жатқызылды. Орташа қауіп аймақтарына сондай-ақ Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстары мен Ұлытау және Жетісу облыстары кіреді.
Үкіметтің мәліметінше, «Қазгидромет», Су ресурстары және ирригация министрлігі және Talsim-NG жүйесінің деректері негізінде республика бойынша 34 елді мекен ықтимал су тасқыны қаупі бар аймақтарға енгізілген.
Ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін ел көлемінде 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы дайындалған.
Төтенше жағдайлар қызметі 1 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен.
Мамандардың айтуынша, Алматы облысында да су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары күшейтіліп, гидротехникалық нысандар мен өзен арналарына бақылау жүргізілуде. Жағдай тұрақты бақылауда.





