– Қазіргі таңда өңірде қызылша бойынша жағдай қандай?
– Жыл басынан бері облыста қызылшаның 457 расталған жағдайы тіркелді. Ай сайын орта есеппен 150 жағдайға дейін, ал аптасына 40 жағдайға дейін жетіп отырды.
Дегенмен соңғы екі аптада оң өзгеріс байқалады – аурушаңдық төмендеп, аптасына шамамен 15 жағдайға дейін азайды. Бұл – жүргізіліп жатқан эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесі.
– Қызылшаның қайта таралуына қандай факторлар әсер етті?
– 2000 жылдары әлем қызылшаны толық жоюға жақындады. Мәселен, 2009 жылға дейін Еуропада ауру көрсеткіші нөлге жуық деңгейге жеткен. Бұл – халықты жаппай вакцинациялау мен тиімді бақылау жүйесінің арқасы еді.
Алайда кейін қызылша қайта оралды. 2018–2019 жылдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанда да қызылшаның өршуін тіркеді.
Бүгінде оның таралуына бірнеше негізгі себеп бар:
• жаһандану және халықтың көші-қоны;
• вакцинадан бас тарту үрдісінің күшеюі;
• елдер арасындағы экономикалық айырмашылық пен вакцинаға қолжетімділік мәселесі.
Статистикаға сүйенсек, ауру жұқтырғандардың 80%-ы – екпе алмаған балалар.
Оның ішінде:
• 34% – ата-аналардың екпеден бас тартуы;
• 28% – вакцина жасына жетпегендер;
• 27% – медициналық қарсы көрсетілімдер;
• 11% – иммундық мәртебесі белгісіз балалар.
Қызылша өте қауіпті инфекция. Ол иммундық жүйенің «жадын» әлсіретіп, адамды бұрын ауырған ауруларға қайта осал етеді. Асқынуларының қатарында пневмония, миокардит, бронхит, соқырлық пен саңыраулық бар. Ерте жаста жұқтырған жағдайда ауыр неврологиялық асқынулар қаупі артады.
– Аурудың өршуі қай кезеңде жиі байқалады?
– Қызылша – маусымдық инфекция. Әсіресе күз-қыс мезгілінде белсенді таралады.
Біздің өңірде де өсім өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында басталып, биыл қаңтар-ақпан айларында шарықтау шегіне жетті. Сол кезде аптасына 60 жағдайға дейін тіркелген.
– Соңғы жылдардағы көрсеткіштер қандай?
– Биыл 528 адам қызылша белгілерімен медициналық ұйымдарға жүгінді, оның 457-сінде диагноз расталды.
Ал өткен жылдармен салыстырсақ:
• 2023 жылы – 2 793 жағдай;
• 2024 жылы – 2 478 жағдай;
• 2025 жылы – 122 жағдай тіркелген.
Бұл көрсеткіштер қызылшаның белгілі бір кезеңдерде өршіп отыратынын көрсетеді.
– Қай жас тобы ең осал саналады?
– Негізгі қауіп тобы – 5 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар. Олар барлық жағдайдың 80%-ын құрайды.
Сонымен қатар ауру:
• 29 балабақшада – 40 балада,
• 22 мектепте – 32 оқушыда,
• студенттер арасында – 3 жағдайда тіркелді.
Яғни, ұйымдасқан ұжымдарда таралу қаупі жоғары.
– Қызылшамен күресудің негізгі тәсілдері қандай?
– Қызылша өте жұқпалы инфекция. Ауру адаммен байланыс кезінде жұқтыру ықтималдығы 90%-дан асады. Оның үстіне ауа-тамшы арқылы таралатындықтан, оны тоқтату қиын.
Сондықтан ең тиімді жол – вакцинация.
Қазіргі таңда өңірде:
• 6–11 айлық 11 480 балаға қосымша вакцина жүргізілуде;
• 18 жасқа дейінгі 3 212 жасөспірім қамтылуда;
• 500-ден астам байланыста болған адамға шұғыл вакцина салынды;
• жалпы 10 мыңнан астам адам егумен қамтылды.
Нәтижесінде соңғы 4–5 аптада сырқаттанушылық 4 еседен астам төмендеді.
– Қосымша қандай шаралар қабылданды?
– Бірқатар шектеу және алдын алу шаралары енгізілді:
• вакцина алмаған балаларды уақытша мектеп пен балабақшаға жібермеу;
• білім беру ұйымдарында «таңертеңгі сүзгі» жүргізу;
• балабақшаларда вакцинация деңгейін кемінде 90% деңгейінде сақтау;
• жоспарлы ауруханаға жатқызу талаптарын күшейту.
Бұл шаралар ұйымдасқан ұжымдарда аурудың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.
– Вакцинацияны бақылау қалай жүргізіледі?
– Денсаулық сақтау органдары алдымен тәуекел топтарын анықтайды. Кейін жас ерекшелігіне қарай вакцинация жүргізіледі.
Әрбір қызылша жағдайы эпидемиологиялық тексеруден өтеді: инфекция көзі, байланыста болған адамдар анықталып, бақылауға алынады. Сонымен қатар вакцинамен қамту деңгейі тұрақты түрде мониторингтен өтеді.
– Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация.
Жоспарлы екпе:
• 12 айда,
• 6 жаста жүргізіледі.
Ал аурумен байланыста болған адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл вакцина егіледі.
Ең бастысы – әр ата-ана баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы вакцина алуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл тек жеке қорғаныс емес, қоғамның қауіпсіздігі үшін де маңызды.





