31 тамыз сағат 10:21-де Алматы облысы ТЖД пультіне хабар түсті. Онда Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Жерұйық көшесінде PolpanInsulation ЖШС зауытының жылу оқшаулағыш плита өндіретін ғимаратында газ-ауа қоспасының тарсылы, кейіннен 50 шаршы метр алаңда қабырға қаптамасы жанғаны және жалпы ауданы 400 шаршы метр шатыр мен қабырғаның опырылып құлағаны айтылған. Мамандар дереу жіберілді.
«Өрт сағат 10:35-те ауыздықталып, сағат 10:50-де сөндірілді. Жалпы ауданы — 50 шаршы метр», — делінген Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Оқиға орнына сағат 10:24-те келген кезде 50 шаршы метр алаңда екі қабатты ғимараттың қабырғасының қаптамасы жанып жатқаны, сондай-ақ жарылыс салдарынан ғимараттың шатыры мен қабырғасының опырылып құлағаны анықталды. Оның жалпы ауданы — 1250 шаршы метр.
«Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 15 қызметкері мен 4 техникасы, сондай-ақ полиция қызметкерлері, 3 жедел жәрдем бригадасы және басқа да өзара іс-қимыл қызметтері қатысты. Төтенше жағдайдың себебі анықталып жатыр», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, төтенше жағдай салдарынан 5 адам орташа ауыр жарақат алып, бір адам көз жұмған.