Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 44 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде қызмет сапасын жақсартуға және жедел медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етті.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 38 нысанның құрылысы аяқталған. Аталған бастама қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтың айтуынша, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында көпсалалы ауданаралық ауруханалар жаңғыртылып, Есік қаласында жаңа облыстық перинаталдық орталық ашылған.
«Есік қаласында заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары білікті көмек көрсетуге арналған облыстық перинаталдық орталық жұмысын бастады», – деді ол.
Қазіргі таңда өңірде медициналық көмек кең тармақталған ұйымдар желісі арқылы көрсетіледі. Облыста 24 мемлекеттік және 72 жекеменшік мекеме жұмыс істейді. Жалпы жүйеде 356 нысан бар. Оның ішінде 75 фельдшерлік-акушерлік пункт, 139 дәрігерлік амбулатория, 76 медициналық пункт және 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы бар.
Соңғы жылдары медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайып, бұл көрсеткіш 93 пайызға жеткен. Бұл – жүйелі жаңғырту жұмыстары мен заманауи технологияларды енгізудің нәтижесі.
«Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында өңірдегі медициналық мекемелерге МРТ, ангиограф, жылжымалы маммограф және операциялық микроскоп сияқты заманауи құралдар жеткізілді. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу үшін 27 арнайы техника сатып алынған. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі де жаңартылып, 90 санитарлық көлікпен толықты.
Алыс елді мекендерде 9 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Олар тұрғындарға жергілікті жерде диагностика жасап, профилактикалық тексерулер жүргізеді.
Кешенді шаралардың нәтижесінде өткен жылы өңірдегі негізгі медициналық көрсеткіштер жақсарды. Жалпы өлім-жітім 1,5 пайызға төмендесе, нәресте өлімі 26 пайызға азайды. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім 3,3 пайызға, онкологиялық аурулар 5 пайызға қысқарды. Туберкулезден болатын өлім көрсеткіші екі есеге төмендеді.
Кадр тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Соңғы жылдары медицина мамандарының жетіспеушілігі екі есеге азайған. 2025 жылы өңірге 183 жас маман жұмысқа қабылданған.
Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында біржолғы төлемдер мен ынталандыру шаралары қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып, медициналық қызмет сапасын одан әрі арттыру көзделіп отыр.





