2025 жылдан бастап өңірде осындай 11 ерікті өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Олар жалпы саны 190 мыңнан астам тұрғыны бар 44 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Пункттер 11 бірлік өрт сөндіру техникасымен жабдықталған. Ал жеке құрам жергілікті тұрғындар арасынан іріктелген 32 еріктіден құралған. Олар арнайы дайындықтан өтіп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге машықтанған. Көп жағдайда еріктілер оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді.
2026 жылдың басынан бері еріктілер мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен бірлесіп 23 өрттің алдын алған.
Соңғы оқиғалардың бірі Іле ауданының Ақсай ауылында тіркелген. Мұнда жеке тұрғын үйде шыққан өрт 27 шаршы метр аумақта екі бөлмені шарпыған. Сондай-ақ шаруашылық құрылысына зақым келген. Өрт сөндірушілер мен еріктілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында тілсіз жау дер кезінде оқшауланып, толық сөндірілген.
Мамандардың айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» жүйесі шалғай елді мекендерде ерекше маңызға ие. Өйткені мұндай жағдайда әрбір минут шешуші рөл атқарады.





