Министрлік мәліметінше, Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті Қонаев қаласы әкімдігінің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру жер телімдерін беру мәселелеріне байланысты басталған.
Тексеру барысында жалпы аумағы 150 мың гектар жер телімі тұрғын-ойын-сауық кешені мен зоологиялық парк салу үшін берілгені анықталған.
Алайда жерді беру кезінде Қазақстанның Жер кодексінің талаптары бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жер телімін бөлу қаланың бас жоспарының ережелеріне қайшы келген.
Қонаев қаласының әкімдігіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда ол белгіленген мерзімде орындалмаған.
Осыған байланысты прокуратура Қонаев қаласының сотына талап арызбен жүгінді. Сот процесі барысында Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері үшінші тарап ретінде қатысып, анықталған бұзушылықтар бойынша түсіндірме берген.
Істі қарау нәтижесінде сот талап арызды толық қанағаттандырды. Сот шешімімен коммерциялық мақсатта берілген жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.





