Ведомство мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары облыстық прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізілген. Арнайы операция барысында 100 миллион теңгеге бағаланған сынапты сату кезінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Арнайы операция барысында 100 млн теңгеге бағаланған затты сату кезінде күдікті ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.
Оқиға орнынан жалпы салмағы 3 килограмнан асатын металдық сынап шыны колбада сақталған күйінде тәркіленген.
Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, сынап – адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті улы химиялық элемент. Оның булары ауыр улануға, жүйке жүйесінің зақымдануына алып келуі мүмкін, сондай-ақ қоршаған ортаға ұзақ мерзімді зиян келтіреді.





