Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәліметінше, мамандар Талғар ауданы Арқабай ауылы тұрғындарының әкімдік жұмысына наразылық себептерін зерттеді.
«Елді мекен Құлжа трактісінен 4 км және Талғар қаласынан 25 км жерде орналасқан. 1200 тұрғыны бар ауыл үшін қоғамдық көліктің болмауы — үлкен мәселеге айналған», — деді баспасөз хатшысы Мақсат Ержанұлы.
Мамандардың айтуынша, мұндай проблемалар облыстың Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Кеген, Қарасай, Райымбек, Ұйғыр, Балқаш аудандарында да кездеседі.
«Қазіргі таңда прокуратура ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сүйене отырып, облыс әкімдігіне мәселенің шешімін табу мақсатында ұсыныс білдірді», — деп атап өтті Мақсат Ержанұлы.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Іле ауданындағы Қараой ауылында қоғамдық көліктің 2 апта бойы тоқтап қалғаны туралы жазған болатынбыз.