«Beles Agro kz» ЖШС Алматы облысының Іле ауданында және Шеңгелді ауылдарында 100 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салмақ ниетте. Инвестицияның жалпы құны 74 миллиард теңгені құрайды.
«Біз тек құс өсіріп қана қоймай, оның етін импортқа, экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Аталған жоба жүзеге асса, 3200 адам жұмыспен қамтылады», — дейді жобаны жасаушы Наим Турдиев.
Ал «Nauryz Agro kz» ЖШС болса, Жетігенде жылына 15000 тонна құс етін беретін фабрика салмақ. Бұл кәсіпорында 380 жаңа жұмыс орны ашылады. Құс етінің 7000 тоннасы ҚХР-на, Өзбекстан мен Қырғызстанға тасымалданады. Жоба құны – 6 млрд 800 млн теңге. Оның жартысын инвесторлар құйса, жартысы несиеге жасалады.
«ПК Алтын таға» ЖШС болса жоғарыда аталған 100000 тонна құс етін өндіретін фабрика үшін темірбетон құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салмақ. Бұл зауыт тек құс фабрикаларын ғана құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп қоймай, түрлі қоймаларға, үй салуға арналған материалдарды өндіреді. Жоба бойынша бұл зауыт Қарасай ауданында бой көтереді. Бұдан бөлек, зауыт материал жасауға керекті шикізатты да өздері шығарады және ауланың әрін кіргізуге арналған тастарды да өндіреді. Бұған керек инвестицияның жалпы сомасы – 54,3 млрд теңге.
«Біздің бұл жерге таныстырылымға келген басқа да себебіміз бар. Әкімдік тарапынан инфрақұрылым жағынан көмек керек. Жол салу, газдандыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету деген сияқты. Екінші, жоба тезірек жүзеге асу үшін компанияға әкімшілік қолдау қажет боп тұр. Оның ішінде, жер мәселесі шешімін табуға тиіспіз. Үшінші, ақпараттық көмек», — дейді «Алтын таға» компаниясының даму бөлімінің директоры Валерий Ухватов
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз кезегінде аталған жобалармен танысып шықты. Және жобаларға бөлінетін жердің мейлінше Алматы қаласынан алшақ болуын қалайтынын, оған көмегін беретінін айтты. Себебі, тек мегаполис тұрғындары ғана емес, алыс ауылдардағы тұрғындар да жұмыспен қамтылуы керек. Бұл адамдардың ауылдан қалаға ағылуын тежейді.