Айта кеткен жөн, аймақта АӨК дамыту бүгіннің өткір мәселесі. Өйткені, ғылым мен ғылыми тәжірибелерсіз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, экономикалық, өндірістік саланы дамыту қиынға соғатынын билік пен қоғам жақсы түсінеді.
Жиында өңірдегі АӨК-нің жай-күйі, кездесетін проблемалар, ғылыми зерттеулердің тиімділігі талқыланды және оны дамыту жолдары айтылды. Сонымен қатар жерді суару жүйелері мен мелиорациялау, топырақтың тозуы мәселелеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ жеміс-көкөніс шаруашылығы, шикізатты қайта өңдеу, өсімдіктерді зиянкестерден қорғау, мал, балық шаруашылығы, жем-шөп өндірісі, АӨК механикаландыру тақырыптары да назардан тыс қалмады. Кейін агроқұрылым жұмысымен танысып, егіс алқаптарын аралады.
«ҚазҰАУ ғалымдарының жобалары мен жетістіктері мені таң қалдырды. Сіздердің зор тәжірибелік базаларыңызды ескере отырып, алдағы уақытта Алматы облысындағы ауыл шаруашылығының өсуі мен дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер табатынымызға сенемін. Ғылыми қауымдастық бұрындары, бүгін, келешекте де алдыңғы қатарда болмақ. Сондықтан сіздер өз жаңалықтарыңызбен, өз жобаларыңызбен еліміздің әлеуетін, оның мүмкіндіктерін көрсететін боласыздар. ҚазҰАУ және жетекші жоғарғы оқу орындарының ғалымдарын Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп жұмыс жасауға және өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын», — деді Батыржан Байжұманов.
Кездесу соңында өңірде АӨК дамыту мақсатында екі жақ бірлескен жұмыс тобын құру жайлы келісімге келді. Сондай ақ, таяу күндері аграрлық секторды ілгерілету мақсатында орта мерзімді іс-шаралар жоспары әзірленбек.