«Қазір қызымды ғана мектепке дайындауға мұршам бар. Арзан киім мен оқу құралын іздеп бармаған жерім жоқ. Бұл жерде баға сәл ғана арзандау. Соның өзінде осы қызымның бір қабат қана киімі мен оқулықтарына 90 мың кетті. Сурет альбомы, түрлі-түсті қағаз, бояулар, т.б қоспағанда 90 мың болды. Қалған балаларымды қалай киіндірем, білмеймін», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Жамила Акпаева.
Ал атын жасыруды жөн көрген базардағы саудагерлер былтырғымен салыстырғанда оқу құралдарының құны 30% қымбаттағанын айтады. Тіпті, кей жерде баға 40-45% дейін көтерілгендігін тілге тиек етті. Сонымен, Алматының арзан базарындағы оқу-құралдары мен мектеп формасының құны. Қыз бала:
- ақ кофта – 5000 тг,
- юбка – 4500 тг,
- кеудеше – 6000 тг,
- шашқа тағатын бантик – 2000 тг,
- туфли – 6000 тг,
- спорттық аяқ киім – 6500 тг,
- ақ футболка – 3000 тг,
- спорттық шалбар – 5000 тг (дене шынықтыру сабағына),
- ақ колготки – 3500 тг.
Ұл баланың киімі мен құрал жабдығы сәл арзанға түседі. Бұл цифрлар баланы тек бір жерден ғана киіндіргенде төлейтін ақшаңыз. Өйткені көптеп алатындарға ары кетсе 500 теңгеден жеңілдік жасайды. Айта кетейік, бұл киімдер «фирмалық» тауарлардың санатына жатпайды. Ал оқу құралдарына келсек: «Бір ғана баланың оқу құралдарын түгел дайындау үшін 30 мың теңгеңіз болу керек. Қайшы, өшіргіш, пенал, ұштағыштан бастап қажеттің бәрін түгел ала аласыз», — дейді саудагерлер. Бұл – сабақ сөмкесін қоспағандағы шығатын қаражаттың жобасы. Айтпақшы, сапалы сөмкелердің бағасы «арзан базарда» 8000 тг.