Halyk Finance талдаушыларының мәліметінше, бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлердің бағасы 17 пайызға, ал екінші нарықтағы баспана құны 13,6 пайызға қымбаттаған. Баға өсімі бойынша Алматы, Павлодар және Ақтөбе қалалары көш бастап тұр. Сарапшылар бұл үрдісті қосылған құн салығының өсуімен, зейнетақы қорынан берілетін төлемдермен және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша шекті соманың ұлғаюымен байланыстырады.
Сонымен қатар, пәтер жалдау нарығында да баға өсімі байқалған. Бір жыл ішінде жалдамалы тұрғын үйдің құны орта есеппен 12,5 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар, Петропавл және Ақтөбе қалаларында ең жоғары өсім тіркелген.
Бағаның өсуіне қарамастан, тұрғын үй саудасы бәсеңдеген. Қаңтар айында республика бойынша 27,7 мың мәміле тіркеліп, бұл өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда екі есеге азайғанын көрсетеді. Сауданың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды облысында жүзеге асқан.
Сарапшылардың болжамынша, биыл салық өзгерістері, ипотекалық талаптардың күшеюі және зейнетақы жинағын пайдалану шарттарының өзгеруі тұрғын үйге деген сұраныстың төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін құрылыс салушыларға қойылатын талаптар мен бақылау тетіктері күшейе түспек.





