Зауыттың салтанатты ашылу шарасына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рахымбеков, аудан әкімі Бағдат Қарасаев, «Nauryz agro KZ» ЖШС директоры Наим Турдиев, зауыт қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
«Бұл фабриканың құрылтайшысы — «Nauryz agro KZ» ЖШС. Өндіріс ошағының салынуына 6,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Қуаттылығы жылына 10 мың тонна құс етін өндіруге жетеді. Зауыт бельгиялық алдыңғы қатарлы жабдықтармен қамтамасыз етілген, сәйкесінше, бар жұмыс автоматтандырылған», — деді аудан әкімі.

Ал серіктестік басшысы Наим Турдиевтің айтуынша, «Nauryz agro KZ» ЖШС халықтың сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстап отыр.

«Біз тек бизнеспен айналысып, пайда көріп қана қоймай, тұрғындар әл-ауқатының жақсаруына үлес қосуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 380 адам жұмыспен қамтылды», — деді Наим Турдиев.
Шара соңында жиынға жиналғандар зауыттың әкімшілік кеңсесін аралады.









