Іс-шара «ВИЧ-пен күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге!» республикалық кампаниясы аясында өтіп, мамандар мен жасөспірімдерге ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Форумның негізгі мақсаты – оқушыларға ВИЧ инфекциясының жұғу жолдары мен алдын алу әдістерін дұрыс түсіндіру, зиянды әдеттердің алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шараны Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының мамандары ұйымдастырды. Оған білім беру саласының өкілдері, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің қызметкерлері және жасөспірімдер денсаулық орталығының дәрігерлері қатысты. Сонымен қатар Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары да қатысып, жасөспірімдермен ашық әңгіме жүргізді, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Форум бағдарламасына дәрігерлердің түрлі бағыттар бойынша ақпараттық түсіндіру баяндамалары енгізілді. Мамандар психобелсенді заттардың зияны, зорлық-зомбылықтың алдын алу, салауатты өмір салты қағидалары, адам папилломасы вирусы және оның алдын алу тәсілдері жөнінде өзекті мәліметтер ұсынды. Барлық ақпарат жасөспірімдердің денсаулыққа төнетін қауіптерді түсініп, олардан қорғану жолдарын меңгеруіне бағытталды.
Форумға бес мектептің оқушылары, «Аяжан» медициналық колледжінің студенттері және Шонжы ауылындағы политехникалық колледждің жастары қатысты. Жалпы 90 жас шараға тартылды. Қатысушылар мұндай кездесулердің ақпаратты жеткізуге, өз-өзіне сенімділікті арттыруға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.
Іс-шара ұйымдастырушылары ВИЧ-тің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтты. Жақын уақытта оқу орындарында тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Бұл жастарды кең көлемде қамтып, қоғамда денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.





