Журналистер жаңа әрі заманауи ғимаратпен танысып, балаларға жасалған жағдайды өз көздерімен көрді.


Қонаевтағы жаңа Балалар үйі 180 балаға арналған. Мұнда кіші және ересек топтарға арналған бөлек асханалар, жеке спорт жене акт залдары, кең ойын алаңы, демалыс аймақтары, кітапхана, медициналық ем қабылдау бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ балалардың шығармашылық дамуына арналған еңбекке баулу, музыка, шаштараз, аспаздыққа үйрететін кабинеттер де бар. Қазіргі заманғы санитариялық, құрылыс және білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді. Бәрі де балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына лайықталып жасалған.

– Жаңа ғимарат әкімдіктің 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына сәйкес Алматы облыстық білім басқармасының балансына өтті. Балалар үйі Алматы қаласында орналасқанымен, заңды тұрғыда Алматы облысына қарайды. Сондықтан тәрбиеленушілерді үй кезегіне тіркеу, медициналық ем қабылдау кезінде қиындықтар болды. Балалар Қонаев қаласына көшірілгеннен кейін бұл мәселелер шешімін табады. Қазіргі кезде балалар мен қызметкерлерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықтармен қамтылып, білім алуына, қауіпсіздігі мен шығармашылық дамуына да баса назар аударылған. Балалар жақын маңдағы мектептерде білім алатын болады және оларды тасымалдауға арналған автобус та қарастырылған., – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтімбекова.

Балаларды көшіру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде 1-4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі, ал жоғары сынып тәрбиеленушілері әлеуметтік бейімделуді сақтау мақсатында біртіндеп, тамыз айының соңына дейін көшірілетін болады. Қазіргі уақытта, мекемеде 171 бала тербиеленіп жатыр және 85 қызметкер еңбек етеді.






