Білім ошағы Еңбекшіарал ауылындағы «Еңбекшіарал» орта мектебінің үш ауысымдық мәселесін шешу үшін салынған.
Салтанатты ашылу рәсімі Мемлекеттік Туды енгізіп, Әнұранды орындаумен басталды. Қонақтарға құттықтау сөздер айтылып, білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен алдағы оқу жылындағы басым бағыттар сөз болды. Мектеп кілті табысталып, ауыл ақсақалы жас ұрпаққа ақ батасын берді. Лента қиылған соң, жиналғандар жаңа ғимаратты аралап көрді.
600 орынға лайықталған жаңа мектепте қазіргі таңда 430 оқушы білім алуда. Оның ішінде 26 бала алғаш рет 1-сынып табалдырығын аттады. Кең сыныптар мен заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталған мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Бұл қуанышты жаңалық ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Жаңа мектеп – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, болашағын айқын бағдарлауына жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Салтанатты шара соңында оқушылар өнер көрсетіп, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.





