Үш жыл – үш еңбек
Ұстаздың шығармашылық еңбектері жүйелі түрде жарыққа шықты:
2023–2024 оқу жылы – 1-сыныпқа арналған әдістемелік құрал жарық көріп, мұғалімдерге оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға қолғабыс жасады.
2024–2025 оқу жылы – «Еңбекке баулу» пәні бойынша бастауыш білім беру деңгейінің 3-сынып оқушыларына арналған оқулық «Алматыкітап» баспасынан басылып шығып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ұсынылды.
2025–2026 оқу жылы – осы оқулықтың жаңартылған нұсқасы әзірленіп, министрлік тарапынан қайта мақұлданды.
Бұл еңбектер жас ұрпақты еңбекке баулуға, олардың шығармашылық ойлауын дамытуға және тұрмыстық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Ұстаздық ізденіс пен жаңашылдық
Роза Орынбайқызы ұстаздықты тек кәсіби мамандық емес, өмірлік мұрат ретінде қабылдаған. Оның айтуынша, бүгінгі заман мұғалімі баланы тек біліммен қаруландырып қана қоймай, жан-жақты дамуына жағдай жасауы тиіс.
«»Еңбекке баулу» – баланың ойлау қабілетін шыңдап, ісмерлікке, шыдамдылыққа және ұқыптылыққа баулитын пән. Әр оқушы қарапайым еңбек арқылы үлкен өмірге қадам басады. Осы бағыттағы еңбегімнің барлығы балалардың танымын кеңейтуге арналады», – дейді ол.
Ұстаздың жазған еңбектері бүгінде республика мектептерінде қолданысқа еніп, мыңдаған оқушы мен мұғалімге әдістемелік көмекші құралға айналды.
Роза Орынбайқызы – білімге деген адалдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында әріптестері мен шәкірттеріне үлгі болып жүрген жан. Оны әріптестері ізденімпаз, жаңашыл әрі білім берудің мазмұнын жаңартуға үлес қосқан ұстаз ретінде жоғары бағалайды.
Іле ауданының педагог-зерттеушісі Роза Қашқынбаеваның еңбектері – қазақстандық білім беру саласындағы әдістемелік жаңашылдықтың айқын көрінісі. Оның қаламынан шыққан әдістемелік құралдар мен оқулықтар жас ұрпақтың сапалы білім алуына қызмет етумен қатар, мұғалімдерге де үлкен көмек болып отыр.
Осындай еңбегімен ол тек Іле өңірінің ғана емес, күллі еліміздің ұстаздарына үлгі боларлық тұлға атанды.





