Бұрынғы мердігер тарапынан туындаған қиындықтарға қарамастан, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75%-ы аяқталған. Мектеп ғимараты жаңа оқу жылы басталғанға дейін, нақтырақ айтқанда, 30 тамызға дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Жөндеу жұмыстары кезінде білім беру процесінің үздіксіздігі басты назарда болды. 2024–2025 оқу жылында 1–11 сыныптарда оқитын 1141 оқушы толыққанды білім алды. Оқыту үдерісі ауылдың Мәдениет үйінде, округ әкімдігі мен жеке ғимараттарда ұйымдастырылып, барлық сыныптар үшін қажетті жағдай жасалды. Сабақтар санитарлық талаптарға сай екі ауысыммен, 45 минуттан өткізілді.
Жаңа шағынаудандардан қатынайтын 350 оқушы үшін мектепке тасымалдау да ұйымдастырылды. Бұл мақсатта мектеп балансына қарасты екі автобус пен жеке кәсіпкер есебінен қосымша бір автобус тартылды.
Бұрынғы мердігер – «SHEBERBUILD» ЖШС-пен келісімшарт біржақты түрде бұзылған соң, 2025 жылғы 9 маусымда республикалық мемлекеттік кәсіпорын – «Еңбек-Өскеменмен» жаңа келісім жасалды. Қазіргі уақытта мектеп құрылысында 26 жұмысшы еңбек етуде. Техникалық қадағалау қызметін «Мегалиты Алматы» ЖШС жүргізіп жатыр.
Жергілікті атқарушы органдардың, білім бөлімі мен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңарып, заманауи талаптарға сай келетін білім беру мекемесіне айналмақ. Жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдер кең, жарық, қауіпсіз және жаңғыртылған мектепке оралады.





