Жиында «Республика күнінің» тарихи маңызы, егемендік алу жолындағы қиындықтар мен жаңа Қазақстанның келешегі секілді ауқымды мәселелер талқыға салынды.
«1990 жылдың 25 қазан күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат іс жүзінде еліміздің тәуелсіздігіне алан-ашық жол салып берді», — деді тарих ғылымдарының докторы Бейбіт Қойшыбаев.
1990 жылдардың қиындығын бастан кешірген академик Ханкелді Әбжановтың айтуынша, Декларацияда қазақ ұлтының мүддесі қарастырылған. Сол кездегі 361 депутаттың 71-і құжаттың мазмұнына қарсы шыққан.
«Сол құжатта «Қазақ мемлекеті», «қазақ жері», «қазақ ұлты», «қазақ тілі» деген мәселелер Ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылды. Бұған қарсы шыққан депутаттарға тосқауыл бола білген азаматтар да табыла кетті. Олар Ұлттық мүддені жан-жақты зерттеп, әлемдік мысалды алға тарта отырып, жоғарыдағы аталған сөздердің басқа біреуге қарсы шығу емес екенін, керісінше, тарихи ақиқатты, әділеттілікті сөз ету екенін дәлелдеді», — деді Ханкелді Әбжанов.
Шара соңында Тұздыбастау ауылының жастары өлең оқып, үлкендерден бата алды.





