Талғар ауданы Нұра ауылындағы №12 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылғы 23 маусымда басталған болатын. Жобаның бастапқы мерзімі бойынша нысанды аяқтау 2024 жылғы мамыр айына жоспарланған еді.

Алайда, құрылыс кестесінің кешіктірілуіне байланысты Талғар аудандық білім бөлімі мердігермен келісімшартты біржақты бұзу туралы сотқа талап арыз жолдады. 2024 жылғы 27 мамырда Алматы облысының мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен «SHEBERBUILD» ЖШС жосықсыз мердігер деп танылды.
2024–2025 оқу жылында мектептің 1–11 сыныптарында 1141 оқушы білім алды. Мектеп ғимараты жөндеуде болғандықтан, оқушылар үш бөлек орында білім алуға мәжбүр болды:
- 425 оқушы – Нұра ауылдық Мәдениет үйінде,
- 375 оқушы – ауылдық округ әкімдігі ғимаратында,
- 341 оқушы – жеке меншік нысанда.
Оқу процесі екі ауысымда, 45 минуттық сабақтармен ұйымдастырылды. Барлық сыныптарда балалардың оқуына қажетті жағдай жасалды.
Сонымен қатар, 350 оқушыға тасымалдау ұйымдастырылды. Бұл үшін мектеп балансына берілген 2 автобус және жеке кәсіпкерлермен жасалған келісімшарт бойынша тағы 1 автобус бекітілген кестеге сәйкес оқушыларды тасымалдады.
Мектептің аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 2025 жылғы 9 маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын — «Еңбек-Өскемен» РМК-мен №518 келісімшарт электронды портал арқылы жасалды.
Бүгінгі күні нысандағы жұмыстардың орындалуының жалпы көлемі 75% құрайды. Техникалық қадағалауды «Мегалиты Алматы» ЖШС жүзеге асырып отыр. Бұл ұйымның 2023 жылғы 15 маусымдағы №353 келісімшартының мерзімі аяқталғанына қарамастан, бақылау жұмысы жалғасуда.
Қазіргі таңда «Еңбек-Өскемен» РМК құрылыс жұмыстарын жалғастырып, оқу корпусының құрылысын ағымдағы жылдың 30 тамызына дейін аяқтап, пайдалануға беруді міндетіне алған. Нысанда 26 жұмысшы еңбек етуде.
Құрылыс сапасы мен жұмыс қарқыны Алматы облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.





