Аталған ауқымды басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы хатшысының орынбасары Бақыт Беделхан, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Шаирям Баратова, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының «Құрметті азаматы» Жәмшит Розахунов және т.б. ақынның көзін көрген, оның өмірін зерттеген тұлғалар, ауыл жұртшылығы қатысты.
«Илия Бәхтия – 1932 жылы 18 наурызда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кіші Диқан ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Мектепте мұғалім, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының ұйғыр әдебиеті бөлімінде редактор, Қазақ радиосында тілші болып істеді», — деді алғашқы сөзді алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов.

Ал ақын Бақыт Беделханның айтуынша, Илия 10-12 жасында өлең жазып, құрдастары арасында «Илия өлеңші» атана бастады. 13-14 жасқа келгенде есімі ел арасына таралды.
Ақынның өмір жолын зерттегендердің айтқанына сүйенсек, ақынның «Достарға тарту» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1955 жылы жарық көрді. 1958 жылы «Мой Гюлстан» деген өлеңдер кітабы орыс тілінде шықты. Илия Бәхтия ұйғыр тіліне А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, А.Құнанбаевтың, С.Сейфуллиннің, Р.Ғамзатовтың бірсыпыра өлеңдерін, Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш – орман емес» драмасын аударған.
Сонымен қатар жиын кезінде Илия мен Мұқағали арасындағы достық жайлы сөз етілді.

«Мұқағали мен Бәхтия құрдас, замандас, тағдыр қосқан ақындар деп айтуға да болады. Себебі, олардың өмір жолы бір кезеңде болған, шығармаларының мазмұнында ұқсастығы байқалады. Олар екі ұлттың поэзия өнеріне ерен еңбегін сіңіріп, басқа ақындарға ұқсамайтын ғажайып, мазмұны терең өлеңдерді жаратты. Сондықтан да бұл екі ақынды «ғасыр ақындары» деп атауға болады», — деді зерттеушілер.
Кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Илия Бәхтияның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.





