«Жетісу Вольфрамы» ЖШС-нің қолдауымен туристік бағытқа су құбыры тартылып, оның ашылу салтанаты өтті.
Шара барысында аудан әкімі Бота Серікқызы су құбырының іске қосылуын өңір үшін ерекше маңызды оқиға екенін атап өтті.
“Шарын шатқалы – табиғаттың қайталанбас туындысы, еліміздің ғана емес, әлемнің туристік картасындағы бірегей орын. Бүгін іске қосылып отырған су құбыры – бұл тек инженерлік жоба емес, келушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қадам. Су – тіршіліктің қайнар көзі. Туристерге қолайлы жағдай жасау арқылы біз табиғатты аялауға да үлес қосамыз. Өйткені инфрақұрылым жақсарған сайын экологиялық мәдениет те артады. Бұл жоба ауданымыздағы туризмнің дамуына тың серпін бермек”, – деді әкім.
Жаңа нысан туристердің ыңғайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің экологиялық таза туризм бағыты ретінде дамуына жол ашады.





