Басшылықтың айтуынша, жұмыс басталған алғашқы кезеңде кадр тапшылығы сезілген. Қазір бұл мәселе жүйелі түрде шешіліп жатыр. «Біз өңірдің түрлі ауылдарынан кәсіби мамандарды тартып, іріктеу жұмыстарын жүргіздік. Қызметкерлерге арналған оқыту курстары ұйымдастырылды, жастарды даярлау қолға алынды. Бүгінде кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етеді», – деді кәсіпорын басшысының орынбасары Самат Бердикұлов.
Комбикорм өндірісінің негізгі учаскелерінің бірін инженер Сергей Бедарев басқарады. Бұған дейін ол Қонаевтағы басқа зауытта еңбек еткен. Қазір жаңа кәсіпорында өндірістік процестердің үйлесімді жүргізілуіне жауапты.
«Менің мамандығым – инженер. Өндірісте дәлдік пен жауапкершілік бірінші орында. Әрбір кезең кәсіби көзқарас пен мұқият бақылауды талап етеді», – дейді ол.
Инженер басқаратын учаскеде тәулігіне 1500 тоннаға дейін құрама жем өндіріледі. Бедарев өнім сапасын, технологиялық процестердің сақталуын және жабдықтардың тұрақты жұмысын үздіксіз қадағалап отыр.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама еңбек адамының мәртебесін арттыруға, техникалық мамандардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. Қонаев қаласындағы жаңа өндіріс ошағы осы бастаманың нақты көрінісі: мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіби шеберлердің еңбегі бағаланып келеді.





