Бұл күні сахна төрінде қазақ музыкасының классиктері – әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы да қатар аталып өтті. Кеш барысында «Қайрат», «Аққу күйлері», «Құстар қайтқанда», «Куә бол», «Алатау» сияқты көпшілікке кеңінен танымал туындылар шырқалып, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Сонымен қатар би қойылымдары мен аспаптық орындаулар көпшіліктің зор ықыласына бөленді.
Қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков жаңа шығармашылық ұжымның ашылуы қаланың мәдени өмірінде елеулі оқиға екенін атап өтті.
«Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленгелі бері түрлі ауқымды шаралар өткізілуде. Бүгінгі кештің орны ерекше. «Қонаев әуендері» ансамблі құрамында әншілер, бишілер, күйшілер және түрлі аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар. Бұл ұжым алдағы уақытта қала мен өңірдің мәдени дамуына үлес қосып, мерекелік іс-шаралардың көркін ашады», – деді ол.
Мерекелік шараға келген қала тұрғындары да өз қуаныштарымен бөлісті.
«Биыл қазақ руханияты үшін айтулы жыл. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы сияқты мерейлі даталармен қатар қаламыздың 55 жылдығын тойлап жатырмыз. Осы маңызды күндерде жаңа ансамбльдің құрылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Қала халқын мерейтоймен құттықтаймын», – деді қала тұрғыны Айбек Ережеп.
Айта кетейік, Қонаев қаласының 55 жылдығына арналған мерекелік шаралар 22 қыркүйектен бастап алты күн бойы жалғасады. Бұл күндері спорттық жарыстар, мәдени және танымдық кездесулер, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.





