Шағын шаһар Алматы облысының орталығы болғалы жарты жылдай уақыт өтті. Өңірдің әкімшілік аумағы ауысқалы жолдар жөнделіп, халық саны артты. Алайда риэлторлардың айтуынша, пәтер тапшылығы байқалып отыр.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қонаевта 60 мыңнан аса адам тұрады. Халық саны өткен жылмен салыстырғанда 354 тұрғынға артқан. Демографиялық өсім айтарлықтай көп емес. Бірақ, тұрақты мекенжайға тіркелмегендер есебінен тұрғын үй нарығындағы жағдай күрделене түсті.
«Пәтерге сұраныс көп. Қазір баспана табу қиын. Тапқан күннің өзінде оның бағасы 150 мыңнан басталып, 300 мыңға теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан жұрт пәтерлерді жалға алуға мәжбүр болып отыр. Ресейден келгендер де бар. Себебі Алматыға қарағанда Қонаев қаласында үй арзан», – дейді риэлтор Наджаф Раджафов.
Қала тұрғындарының саны көбейгенін білім саласындағы мамандар да анық сезіп отыр. Олар биыл қалалық мектептерге 900-ден аса оқушы қабылдаған.
«Барлық 900 баламыз 15 мектеппен қамтылды. Сонымен қатар жекеменшік мектеп ашылып 300 бала білім алып отыр.
Жыл аяғына дейін 400-500 бала келеді деген жоспар бар», – дейді Қонаев қалалық білім бөлімінің қызметкері Рахым Асылбек.
Оның айтуынша, жекеменшік мектеп 700 балаға арналған. Қазіргі уақытта 300 бала білім алып отырса, тағы да 400 бала қамтуға дайын екендігін айтады.
Айта кету керек, әкімдіктің мәліметінше жаңадан әкімшілік аумақ құрылғалы қалаға 300 мемлекеттік қызметкер көшіп келген. Олардың отбасы есебінен жыл соңына дейін тағы 2 мыңға жуық адам қоныстанады деп жоспарланып отыр.





