Ведомство мәліметінше, инвесторлық жобаны жүзеге асыру үшін «Жаңа Іле» аумағынан 100 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр.
Жоба аясында салынатын медициналық кампус тек жоғары оқу орны ғана емес, 60 мың студентке арналған заманауи қалашық болмақ. Жобаның толық таныстырылымы Қонаев қаласының әкімімен өткен кездесу барысында ұсынылған.
Медициналық кампус құрылысына 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген. Жобаны толық іске асыру 5 жылға жоспарланған. Кампус аумағында жатақханалар, 1000 орындық аурухана, клиникалар мен оқу корпустары салынбақ.
Жоба нәтижесінде 3800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл университет өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін негізгі орталықтардың біріне айналуы мүмкін.





