Мерекелік кеш балаларға арналған ертегілік қойылыммен басталып, алаңға жиналған кішкентай көрермендерге шаттық пен қуаныш сыйлады. Сахнада өнер көрсеткен ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар балалардың көңілін көтеріп, мерекенің жылы әрі қуанышты атмосферасын қалыптастырды.
Жиналған көпшілікті Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтап, қала дамуына үлес қосып жүрген тұрғындарға алғысын білдірді.
«Баршаңызды жаңа жылдық шыршаның шамын жағу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл қаламыз үшін бірлескен жемісті еңбектің кезеңі болды. Осы уақыт ішінде Қонаевты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Барша тұрғындарға ортақ іске қосқан үлестері үшін алғыс айтамын. Алдағы Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш, жаңа мүмкіндіктер мен игі бастамалар әкелсін!» – деді қала әкімі.
Салтанатты сәтте шаһар басшысы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, мерекеге жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Осы мезетте аспанды жарқырата отшашу атылып, кештің сәнін аша түсті.
Кеш барысында сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар танымал әншілер – Сырым Исабаев, Дана Кентай және Atlantis Live Band өнер көрсетті. Балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, түрлі қызықты бағдарламаларға қатысып, мерекенің думанына бөленді.
Мерекелік алаңда жарқыраған шамдармен безендірілген шыршалар, әсем аркалар мен түрлі инсталляциялар орнатылып, тұрғындар естелік суретке түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жаңа жылдық шара қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз қысқы ертегіге айналды.





