Оның айтуынша, қазіргі таңда қалада 8 ресми жағажай бар. Соңғы жылдары жағалау аймақтары кезең-кезеңімен жаңғыртылып, туристік әлеует артып келеді.
2023 жылы №5 жағажай қалалық бюджет есебінен толық абаттандырылып, пайдалануға берілсе, биыл оның маңындағы тағы 1 шақырым жағалау жеке инвестордың қолдауымен көркейтілген. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп, демалушылар легінің артуына себеп болып отыр.
«Жаңа жағажай инфрақұрылымы қаламыздың туристік тартымдылығын едәуір арттырды. Мысалы, былтыр 1,5 миллионға жуық демалушы келсе, биыл шомылу маусымы аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 860 мыңнан асып кетті. №5 жағажайға күн сайын 1500-2000 адам, ал демалыс күндері 4500-6000 адам келіп демалады. Бұл – өте жақсы нәтиже», – деді әкім.
Бердіхановтың айтуынша, қалған 7 жағажай №5 нысанының стиліне сай жаңғыртылады. Жаңа жобаларда инфрақұрылым, санитарлық және жасыл аймақтар, шағын сәулеттік формалар, демалыс орындары, қоғамдық тамақтану нүктелері мен қауіпсіздік жүйелері қарастырылған.
Жалпы ұзындығы 6,1 шақырым болатын жағалау белдеуі «Рауан» шағынауданынан бастап 18-шағынауданға дейінгі аумақты қамтиды. Қазір №5 жағажай толық пайдалануға берілсе, қалғандарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
«Биыл шомылу маусымы аяқталған соң, №6 және №7 жағажайларда құрылыс жұмыстары басталады. Ал №8 жағажай инвесторлар есебінен абаттандырылатын болады», – деді қала басшысы.
Әкімдік коммуналдық жағажайлардан бөлек, Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан 140-қа жуық демалыс орнына да бірізділік енгізуді көздеп отыр. Бұл мақсатта арнайы дизайн-код әзірленіп, кәсіпкерлерге ұсынылады.
«Демалыс аймақтарын ортақ стандартқа сәйкестендіріп, қызмет көрсету сапасын арттыру және сыртқы келбетін үйлестіру – негізгі мақсатымыз. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейміз», – деді Бердіханов.
Қонаев қаласында туризм саласын жүйелі түрде дамыту үшін 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 306,4 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның ішінде қонақүйлер, бассейн кешендері, гольф-клуб, сауда орталықтары және өзге де демалыс нысандары бар.
«Әкімдік бұл жобаларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетіп келеді. Туризм – қаламыздың экономикалық өсімінің маңызды бағыттарының бірі», – деді қала әкімі.
Еске салсақ, бұған дейін Асхат Бердіханов жағажайларда қызмет көрсету сапасын арттыру, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша арнайы жиын өткізген болатын.





