Байқау тұрғындарды өз аулаларының тазалығына жауапкершілікпен қарауға, қаланың көркейуіне үлес қосуға ынталандыруды мақсат етеді. Жергілікті билік бұл бастаманы Қонаев қаласының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі деп бағалап отыр.
Қорытынды шара барысында абаттандыру және аумақтарды таза ұстау ісінде белсенділік танытқан азаматтарға Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Марапатталғандардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері, кооперативтер мен сервистік компания өкілдері бар. Ұйымдастырушылар олардың еңбегі қаланың тәртібі мен тазалығын сақтауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Байқаудың жеңімпаздары да жарияланды. Үшінші орын «Спутник» шағынауданындағы №4/1 үй тұрғыны Алия Әбишеваға бұйырып, ол 100 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Екінші орынды 2-шағынаудан, №35 үйдің тұрғыны Юлия Абдрахманова жеңіп, 200 мың теңгелік сертификат алды. Ал бірінші орынға 1-шағынаудан, №22 үйдің тұрғындары Малика Тагирова Аскаровна мен Елена Позднякова лайық деп танылып, 300 мың теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау алдағы жылдары да жалғасын тауып, Қонаев қаласының санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады.





