Додаға Қырғызстанның Ыстықкөл облысына қарасты Түп ауданынан спортшылар келді. Ат бәйгесіне біздің елдің атынан Алматы облысының Райымбек, Кеген аудандарынан 40 жастан асқан ардагер спортшылар қатысты.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға негізделген шараны өткізуге Кеген ауданының әкімдігі, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы мұрындық болды.
Жарыстың салтанатты ашылуына Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, облыстық бұқаралық спорттық іс шаралар орталығы директорының міндетін атқарушы Мерей Айнеков, Қырғызстан Республикасы құрама командасының жетекшісі Мұрат Жайсанбаев қатысты.
«Көршілес, бауырлас елдерді осы ауданымыздың төрі — Қарқара өңіріне шақыра отырып, ұлттық спортты дамыту, оны насихаттауды көздедік. Ең негізі мақсатымыз — республика күні мерекесінің мән-мағынасын халыққа түсіндіру», — деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков.
Көкпар додасында өзара 4 команда бақ сынады. Айта кетейік, осы жазда Кеген ауданының құрамасы Қырғызстанның Түп ауданына барып көкпар тартысқан. Енді көршінің шабандоздары достық кездесуге келді.
Турнирге барлығы 50 спортшы қатысты. Олар қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ат спорт ойындарынан бақ сынады. Халықаралық жарыста көкпардан қырғыз ойыншылары басым түсті. Олар алғашқы бәсекенің өзінде ел спортшыларын 4-0 есебімен жеңді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1 орын (жүлде қоры 300 мың теңге) Қырғызстан елінен келген спортшыларға бұйырды. Райымбек ауданының шабандоздары 2 орын (200 мың теңге) алса, 3 орынға (100 мың теңге) Кеген ауданы лайық деп танылды.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтармен бірге арнайы дипломдар берілді.





