Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов жұмыс сапары барысында Қаратөбе ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің, сондай-ақ Абай және Үштерек ауылдарындағы амбулаториялардың құрылыс барысын тексерді.
Инспекция кезінде Есболатов нысандардың әлеуметтік маңызы жоғары екенін атап өтіп, мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын арттыру қажет екенін жеткізді.
«Біз мерзімнің созылуына жол бермейміз. Барлық жоспарланған жұмыстар белгіленген уақытта орындалуы тиіс. Бұл аудан тұрғындары алдындағы міндет», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сапар барысында Есболатов Қарасай аудандық ауруханасына да барды. Медициналық мекемеде қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шенеунік құрылыс сапасы мен жұмыс кестесінің қатаң сақталуы керектігін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында алғашқы медициналық көмек инфрақұрылымын жаңғырту жобасы аясында 20 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген болатын. Олар шағын ауылдарда ашылып, ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді медицинамен қамтамасыз етуге бағытталған.





