Өңірде жалпы құны 331 миллиард теңге болатын 15 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар ауданның өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға зор мүмкіндік беруде.
Биыл аудан аумағында бірнеше маңызды жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Алтын Орда» сауда алаңының жаңғыртылуы және «Summer Sun» демалыс орнының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін ауданның туристік және қызмет көрсету саласына жаңа серпін бермек.
Жыл соңына дейін тағы да бірқатар өндірістік және логистикалық нысандар – «MP Solution», «Imagine Apple Logistics» және «Жигалма» кәсіпорындары пайдалануға беріледі. Бұл жобалар жергілікті өнім өндірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Алматы облысы бойынша жалпы инвестициялық портфелі 6,3 триллион теңгені құрайтын 214 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске асқанда өңірде 76 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл – облыстың инвестициялық тартымдылығы мен кәсіпкерлік белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.
Индустрияландыру саласы да қарқынды дамып келеді. Қарасай ауданындағы «Қайрат» индустриялық аймағында жалпы құны 123 миллиард теңге болатын 24 жоба қолға алынған. Қазіргі таңда олардың төртеуі толық іске қосылып, өндірістік қуаттылықтарын арттыруда. Алдағы уақытта аймаққа шетелдік инвесторларды тарта отырып, жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр.
Индустриялық аймақтың тиімді орналасуы, көлік және инженерлік инфрақұрылымның дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Бұл Қарасай ауданын инвестиция тарту бойынша облыс деңгейінде көшбасшы өңірлердің қатарына қосады.
Жалпы, Қарасай ауданының қарқынды дамуы – мемлекеттік қолдау, инвесторлар сенімі және кәсіпкерлік әлеуеттің нәтижесі. Ірі өндірістер мен жаңа жобалардың іске асуы өңірдің экономикалық қуатын арттырып, облыс экономикасына елеулі үлес қосуда.





