Жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға және мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша қолжетімді етуге бағытталған.
Бұған дейін аудан тұрғындары түрлі құжаттарды рәсімдеу үшін көрші аудандарға баруға мәжбүр болса, енді барлық негізгі қызмет түрлері бір жерде қолжетімді. Орталықта 600-ден астам мемлекеттік қызмет цифрлық форматта көрсетіледі.
Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынған: жарық, кең әрі барынша ыңғайлы. Мұнда халыққа қызмет көрсету үдерісі бірнеше функционалды аймаққа бөлінген. Атап айтқанда, АХАЖ бөлімі, жер кадастры, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ жергілікті әкімдікке қатысты қызметтер бір жерден көрсетіледі.
Аудан тұрғыны Селимам Варисова жаңа кеңсенің ашылуына ризашылығын білдірді:
«Бұрынғы орталық ескі, тар әрі суық болатын. Қазір кеңсе кең, жарық, өте ыңғайлы. Бір апта бұрын паспортқа өтініш берген едім, бүгін дайын болыпты. Ресми ашылу күніне тап келгеніме қуаныштымын», – деді ол.
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова жаңа нысанның ашылуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру бағыты бойынша берген тапсырмаларының нақты көрінісі екенін атап өтті:
«Барлық қызмет түрі интернет желісіне қосылған. Бұл тұрғындарға сапалы әрі жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта музей салу және тұрғын үй құрылысын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарда бар», – деді әкім.
Жаңа кеңсе аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі саналады. Бұрын күрделі құжат рәсімдеу үшін тұрғындар Еңбекшіқазақ ауданына баруға мәжбүр болса, енді барлық қызмет түрі Қарадала өңірінде, өз ауданында қолжетімді.
Ғимараттың жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрайды, ал оны салуға 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Жаңа цифрлық кеңсенің ашылуы – өңірдің әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын дамытудың жарқын үлгісі. Бұл жоба мемлекеттік қызметтерді тұрғындарға жақындатып, цифрлық Қазақстан тұжырымдамасын нақты іс жүзінде жүзеге асырудың айқын көрінісіне айналды.





