Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – жолдардағы тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында облыстың полиция басшысы жол-патрульдік қызмет инспекторларының жұмысын тексеріп, апат жиі болатын учаскелердің жай-күйіне баға берді. Мамандар мен тұрғындардан түскен ұсыныстар да сол жерде қаралды. Тексеру кезінде жылдамдықты арттыру, қауіпті маневр жасау және қозғалыс ережелерін өрескел бұзу сияқты бірнеше құқықбұзушылық анықталып, дереу тоқтатылды.
Мейрам Әбікеев жол жөндеу жұмыстарының сапасын да бақылауға алды. Алматы–Өскемен және Қапшағай–Құрты бағыттарында қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде полиция бастығы мердігер мекемелерге орын алған кемшіліктерді көрсетіп, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерімен бірігіп жүргізілген тексеріс барысында жол жамылғысының сапасы, таңбалардың дұрыстығы және EKIN мен «Қорғау» камералық бақылау жүйелерінің жұмысы тексерілді. Тексеру қорытындысында облыстық полиция бастығы қызметкерлерге ескерту жасай отырып, жолдағы әрбір кемшіліктің азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Полиция мұндай тексерістер мен профилактикалық шаралар өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға айтарлықтай көмектеседі деп отыр.





