Сапар барысында халық қалаулылары өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, балық шаруашылығы, жем өндірісі, алма өсіру және көкөніс сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Депутаттар Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Айдарбаев» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған қожалық мал және балық азығына арналған түйіршіктелген құрама жем өндірумен айналысады. Былтыр ғана іске қосылған өндіріс орны тәулігіне 3 500 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы.
Кездесу барысында «Аквамәдениет туралы» заң аясындағы негізгі нормалар талқыланып, отандық балық шаруашылығын қолдауға бағытталған мүмкіндіктер түсіндірілді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиев бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі таңда Алматы және Түркістан облыстарында балық шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан біз тек балық фермаларын ғана емес, жем өндірісін де қатар дамытуымыз қажет. Қазір балық өсірушілер жемді Еуропадан алдырып отыр. Осындай өндірістерді қолдау арқылы салаға тың серпін беруіміз керек», – деді сенатор.
Сапар аясында депутаттар «Баймене» серіктестігіне қарасты алма бағын да аралады. Кәсіпорында алманың сегіз түрі өсіріледі, ал жыл сайын нарыққа шамамен 6 мың тонна өнім шығарылады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау, өткізу және қайта өңдеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Серіктестіктің атқарушы директоры Рустам Аметов өндірісті кеңейту жоспарларымен бөлісті.
«Қазіргі таңда 200 гектарға жуық аумақта алма өсіреміз. Сақтау қоймамыз бен шырын шығаратын цехымыз бар. Негізгі мақсатымыз – өндірісті ұлғайту. Бірқатар жобаны жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Өңірге сапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан агроөнеркәсіппен қатар әлеуметтік мәселелердің де өзектілігін атап өтті.
«Бұл тек балық немесе алма өндірушілерге ғана қатысты емес. Жалпы әлеуметтік салада қордаланған мәселелер жеткілікті. Оларды Үкіметпен бірлесіп, келіссөздер мен нақты шешімдер арқылы жүйелі түрде шешуіміз қажет», – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар депутаттар ауданда былтыр пайдалануға берілген заманауи көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Аталған қоймада көкөністің әртүрлі түрін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік бар. Халық қалаулылары кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Алматы облысының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да мемлекеттік қолдауға ие болатынын жеткізді.





