Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Конференция жыл басынан бері еліміздің түрлі өңірлерінде дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылды.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі мен Бас мүфтидің кездесуі өтті. Өңір басшысы тұрақты діни ахуалды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудың маңызын атап өтті. Тараптар діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев қазіргі сын-қатерлер жағдайында отбасы институтын нығайту тек әлеуметтік міндет қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
«Мемлекет жағдай жасап, материалдық қолдау көрсете алады. Алайда отбасының шынайы әл-ауқаты рухани құндылықтар – құрмет, жауапкершілік, өзара сенім және дәстүр сабақтастығы арқылы қалыптасады», – деді өңір басшысы.
Конференция барысында отбасының адамгершілік бағдарларды қалыптастырудағы, мәдени сабақтастықты сақтаудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі институт ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Осы орайда дәстүрлі ислам құндылықтарының маңызы атап өтілді. Отбасы адалдыққа, жауапкершілікке, сабырлылық пен өзара сыйластыққа негізделген аманат ретінде қарастырылатыны айтылды. Бұл қағидаттар қазақ халқының салт-дәстүрімен тарихи тұрғыда үндеседі.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Алматы облысында 7 302 неке тіркелген. Алғашқы некеге тұру жасының ұлғаю үрдісі байқалады: ерлердің орташа жасы – 27,9, әйелдердікі – 25,2 жас. Өңірде 75 678 көпбалалы отбасы тұрады, 11 975 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған.
Сонымен қатар облыста отбасы институтын және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері 3 522 отбасыға 2,3 млрд теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тұрғын үй бағдарламалары аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 427 пәтер берілді.
Өңірде 312 мешіт жұмыс істейді, онда 517 діни қызметкер еңбек етеді. 2024–2025 жылдары 200-ден астам имам теологтар, заңгерлер мен психологтардың қатысуымен арнайы курстар мен семинарлардан өтті. Бұл шаралар діни экстремизмнің алдын алуға, отбасылық жанжалдарды шешуге, жастармен жұмыс істеуге және деструктивті идеологияларға қарсы тұруға бағытталған.
Конференция қатысушылары 2025 жылды «Ислам және отбасылық құндылықтар» жылы деп жариялау бастамасын уақтылы әрі маңызды шешім ретінде бағалады. Бұл қадам отбасы институтын қолдауға, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға және қоғамдағы бірлікті күшейтуге ықпал ететіні атап өтілді.
Конференция қорытындысы бойынша көтерілген ұсыныстар мен бастамалар Алматы облысында ғана емес, жалпы ел көлемінде отбасы институтын нығайтуға, рухани құндылықтарды дамытуға және әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға өз үлесін қосады деген сенім білдірілді.





