Күн санап Талғар ауданында мал басы артып келеді. Бүгінгі таңда аймақта мүйізді ірі қараның саны 42,3 мың басты құрайды, өткен жылмен салыстырғанда 2,2% өсіп отыр. Соның ішінде сиыр саны 23,7 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артты.
Алайда, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мал басының өскені ет өндірісіне әсер етпегенін айтты.
«Биыл 11,2 мың тонна ет өндірілді. Бұл өткен жылдан қарағанда 4,2%-ға төмен. Сондай-ақ сүт өндірісі 3,8%-ға азайған. Ауданда 2,6 мың басқа арналған 4 бордақылау алаңы және 5,7 мың басқа арналған 8 сүт-тауарлық фермасы бар, оның ішінде, «Хайроев» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы және «Ниязов Санат» жеке кәсіпкердің 100 басқа арналған сүт тауарлы фермасы жұмыс істемей тұр», − деді ол.

Сонымен қатар өңір басшысы жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмысты күшейту қажет екенін мәлім етті.
«Ауыл тұрғындарының наразылығын тудыратын өткір мәселе жайылымдардың болмауы.
Облыс бойынша мал жаю үшін 581 мың га жайылымдық жерлер бекітілді — бұл қажеттіліктің 37,3%-ы ғана. Ал, Талғар ауданында бұл көрсеткіш небәрі 4,3% ғана немесе 2,9 мың га, ал қажеттілік 68,1 мың га құрайды. Анықталған 39,2 мың гектар жердің 13,7 мың га немесе 35% мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы тұрғыдан жердің нысаналы мақсатындағы негізсіз өзгерістерге жол бермеуді міндеттеймін», − деді әкім.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмысты жалғастыруды тарсырды.






