Алматы облысы Жамбыл ауданының Сарыбай би ауылында «Келешек мектебі» бағдарламасы аясында жаңа орта мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ордасы Еңбекшіарал ауылындағы «Еңбекшіарал» орта мектебінің үш ауысымда оқу мәселесін шешу мақсатында салынды.

Салтанатты шара Мемлекеттік Тудың енгізіліп, Әнұранның шырқалуымен басталды. Қонақтарға құттықтау сөздер айтылып, білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен алдағы оқу жылындағы басым міндеттер атап өтілді.
Мектептің кілтін тапсыру рәсімі өтіп, ауыл ақсақалы жас ұрпаққа ақ батасын берді. Одан кейін лента қиылып, қонақтар жаңа білім ордасының ғимаратын аралап көрді.
Жаңа мектеп 600 орынға лайықталған. Қазіргі таңда мұнда 430 оқушы білім алуда, соның ішінде 26 бала алғаш рет 1-сынып табалдырығын аттады. Білім ошағы заманауи талаптарға сай жабдықталған кең сыныптарымен, оқу кабинеттерімен және оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жағдайларымен ерекшеленеді.
Мектептің ашылуы ауыл тұрғындары үшін қуанышты оқиға болды. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына және жарқын болашағына жол ашатын маңызды қадам.
Шара соңында оқушылар өнер көрсетіп, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.





