Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология саласына қойып отырған міндеттері орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздейтінін атап өтті.
«Бүгінгі шара – тек ғимараттың ашылуы ғана емес, қоршаған ортаны қорғау жолындағы нақты қадам. Бұл еліміздің орман шаруашылығын жаңа деңгейге шығарады. Кеген орман шаруашылығының тарихы бай. 1946 жылдан бері ұжым ормандарды қорғау, сақтау және көбейту ісінде аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа әкімшілік ғимарат – мемлекеттің қолдауының айқын мысалы. Заманауи нысан мамандарға кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл табиғатты қорғау саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кеген орман шаруашылығы 1946 жылы құрылған. Бүгінде мекемеде 109 адам еңбек етеді. Олар орманды қорғау, қалпына келтіру және көбейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа екі қабатты ғимараттың аумағы – 440,1 шаршы метрді құрайды, жоба құны – 414,4 млн теңге.
Салтанатты шарада сөз алған Қарқара орманшылығының орманшысы Ренат Алпысбаев әріптестері атынан ризашылығын білдіріп, орманшылар жасыл желекті арттыру ісіне күш-жігерін аямайтынын жеткізді. Ал сала ардагері Кенжебек Досайбеков әріптестерін тарихи сәтпен құттықтап:
«Бүгін ескі ғимараттың орнында сәулеті жарасқан еңселі ғимарат бой көтерді. Осы шаңырақта көптеген ізгі бастамалар туындайтынына, орман өсіру мен орман қорғау саласында жаңа идеялар жүзеге асатынына сенімдімін. Еңбектеріңіз жемісті болып, жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын», – деді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірдегі орман шаруашылықтарының қарамағында шамамен 89 мың гектар жер бар. Соның 27 мың гектарын орман алқаптары құрайды.





