Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа нысанның ауыл тұрғындарының рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
«Жаңа Мәдениет үйі – өнер мен руханияттың ордасы, жастардың дарынын ашып, шығармашылыққа шабыт беретін мекен болады деп сенеміз. Бүгінде облыста 294 мәдени нысан жұмыс істейді. Биыл олардың 24-інде құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 9 жаңа ғимарат бой көтерді. Сонымен қатар 5 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды, 6 нысан ағымдағы жөндеуден өтті, 4 кітапхана жаңғыртылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа Мәдениет үйі ауылдағы 1959 жылы пайдалануға берілген ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұрын небәрі 4 қызметкер еңбек еткен ескі нысанның орнына қазіргі заман талабына сай, заманауи мәдениет ошағы салынды. Мұнда 250 адамға дейін мәдени іс-шара өткізуге мүмкіндік бар. Қызметкерлер саны 8-ге жетті, оның төртеуі – мәдениет саласының мамандары. Сондай-ақ үйірмелер саны 10-ға дейін көбейіп, ауыл жастары үшін өнер мен шығармашылыққа кең жол ашылды.
«Жаңа Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастарды мәдениетке тартып, ауыл өмірін жаңғыртуға жол ашады. Қымбатты жерлестер, бұл мәдени орталық ауылымызға жаңа серпін мен мүмкіндік береді. Қасиетті шаңырағымыз құтты болсын!», – деді облыс әкімі.
Салтанат барысында аймақ басшысы жаңа ғимараттың кілтін табыс етті. Жалағаш ауылының ақсақалы Нұраш Бейсенбайұлы да сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтады.
«Бүгінгі қуаныш құтты болсын! Шаңырағы биік, босағасы берік болсын. Елімізді басқарған азаматтарды қолдау – парызымыз. Ауылымыздан өнер мен мәдениет саласында Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Димаш Құдайберген сынды алыптар шықсын», – деді ол.
Жалағаштағы жаңа Мәдениет үйінің ашылуы – Алматы облысында мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір көрінісі. Биыл өңірде ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған бірқатар ірі жобалар қолға алынған.





