Компания Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласында өз өндірісін орналастыру туралы шешім қабылдады.
Бұл жаңалықты өңір әкімдігі растады. Ведомствоның мәліметінше, мұндай шешім — халықаралық компанияның аймаққа деген жоғары сенімінің айқын дәлелі.
Chicco брендімен балаларға арналған жөргектер мен ылғал майлықтар «UNITED HYGIENE» зауытының базасында өндірілетін болады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Іске асыру нәтижесінде 200–250 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Кәсіпорынның өнімдері Қазақстан нарығымен қатар, шетелге де экспортталады. Өндіріс көлемінің 50 пайызы Ресей, Грузия, Әзербайжан және Өзбекстан нарықтарына бағытталады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа қала Алатау бүгінде халықаралық деңгейдегі өндіріс орталығына айналып келеді. Мұнда әлемдік брендтер өз болашағын көріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Мұндай жобалар аймақ экономикасын әртараптандыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға зор серпін береді.
Chicco бренді өндірісінің іске қосылуы — Алматы облысы үшін маңызды экономикалық қадам. Бұл жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, Қазақстанның халықаралық нарықтағы беделін нығайта түседі.





