Қайназар ауылында тұратын Жаңабаевтар әулеті күн энергиясы арқылы өз үйін толықтай электр қуатымен және ыстық сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өндірілген электр энергиясын ортақ желіге өткізіп отыр.
«Жасыл» технологиялардың арқасында отбасының үйі жарық пен ыстық сумен үздіксіз қамтылған. Елді мекенде электр қуаты уақытша өшірілген жағдайларда да тұрғын үй автономды режимде жұмысын жалғастыра береді.
Отбасылық күн электр станциясын орнату жобасын кәсіпкер Темірхан Жаңабаев екі жыл бұрын бастаған. Алғашында үй шатырына 24 күн панелі орнатылып, нәтижесінде орталық желіден тұтынылатын электр энергиясының көлемі 90 пайызға дейін қысқарған.
Кәсіпкердің айтуынша, күн панельдерінің қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін жетеді. Олар шыңдалған берік әйнектен жасалған, бұршаққа, қар мен жаңбырға төзімді. Қазіргі таңда шаруашылықта әрқайсысының қуаты 670 ватт болатын 42 күн панелі жұмыс істеп тұр. Жалпы өндірілетін электр энергиясының көлемі сағатына шамамен 30 киловаттқа жетеді.
Сонымен қатар тұрғын үйде тек күн энергиясымен жұмыс істейтін су жылытқыш қондырғы орнатылған. Оның сыйымдылығы 250 литрді құрайды. Күндіз қыздырылған су арнайы жылу оқшаулау жүйесінің арқасында тәулік бойы жылуын сақтайды.
Үйдің таулы аймақ етегінде орналасуы да күн сәулесін тиімді пайдалануға қолайлы жағдай туғызып отыр.
Темірхан Жаңабаев күн панельдерінің қосымша табыс көзіне айналғанын да атап өтті. Күніне шамамен 25 киловатт артық электр энергиясы «Алатау Жарық Компаниясына» сатылып, нәтижесінде жобаға салынған 5 миллион теңгенің жартысына жуығы қайтарылған.
Жаз айларында күн сәулесінің мол болуына байланысты ай сайынғы табыс 200 мың теңгеге дейін жетсе, қыс мезгілінде кіріс көлемі 50–60 мың теңге шамасында болады.
Алдағы уақытта кәсіпкер бұрын алма бағы орналасқан 1,5 гектар жер теліміне қосымша күн панельдерін орнатуды жоспарлап отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тәулігіне 200 киловаттқа дейін электр энергиясын сатуға мүмкіндік бар.
Мұндай жобалар Еңбекшіқазақ ауданында «жасыл» энергетиканы дамытуға және ауылдық елді мекендердегі энергия тиімділігін арттыруға ықпал етуде.





