Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 10 пайыздан асып түсті. Негізгі салаларда айтарлықтай ілгерілеу байқалады: өнеркәсіп өндірісі 9,3 пайызға, құрылыс саласы 21,1 пайызға, сауда көлемі 18,5 пайызға артқан. Бұл – өңір экономикасының әртараптандырылып, жаңа инвестициялар мен кәсіпкерлік бастамаларға кең жол ашылғанының нақты дәлелі.
Тұрғын үй құрылысы да белсенді дамуда: жыл басынан бері 900 мың шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал инвестиция көлемі 756,7 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін өңірдің экономикалық өсім қарқыны 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Осы межеге қол жеткізілген жағдайда, жалпы өңірлік өнім көлемі 6,7 триллион теңгеге жетпек. Бұл — облыстың экономикалық әлеуетінің мықтылығын және ірі өндіріс, құрылыс пен қызмет көрсету салаларындағы белсенділікті айғақтайды.
Өңір экономикасының жаңа даму бағыты – “Alatau” арнайы экономикалық аймағының құрылуы. Бұл – елдегі ең ірі және әлем бойынша төртінші орын алатын экономикалық аймақ. Мұнда алғашқы төрт ірі компания өз қызметін бастап, өндіріс алаңдарын іске қосты. Жоба аясында 580-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Арнайы экономикалық аймақтың іске қосылуы аймаққа жоғары технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тартуға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді.
Жалпы, Алматы облысы бүгінде еліміздің инвестициялық және өндірістік орталықтарының біріне айналып отыр. Индустриялық және агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау шаралары – облыстың тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі болып отыр.





