Жобаның түсірілімдері еліміздің бірнеше өңірінде жүргізілуде. Осы жолы Алматы қаласы мен Алматы облысы түсірілім алаңына айналды.
Түсірілім тобы Қазақстанның табиғи байлығын паш ететін бірқатар туристік орындарда болды. Көрермендерге:
су астындағы қылқанжапырақты орманымен ерекше Қайыңды көлі,
Бүкіләлемдік туристік ұйымы (UNWTO) әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі деп таныған Саты ауылы,
аймақтың туристік інжу-маржандарының бірі – Қапшағай су қоймасы көрсетіледі.
Алматы қаласының өзінде түсірілімдер Арбатта, Жасыл базарда, сондай-ақ метрополитен станцияларында өтті.

Жобада Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің орындаушылары қатысып жатыр. Әртістердің өнерін халықаралық деңгейдегі кәсіби қазылар алқасы бағалайды.
Voice Beyond Horizon жобасы түрлі елдерден жиналған өнерпаздарды тоғыстырып қана қоймай, Қазақстанның табиғи байлығын, мәдениетін және туристік әлеуетін әлемге танытады.
Түсірілімдер еліміздің бірқатар аймақтарын қамтыды. Атап айтқанда, Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында жүргізілді. Халықаралық шоу финалы еліміздің астанасында өтпек.
Жобаға Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
Ауқымды телевизиялық жоба Қазақстанның табиғи сұлулығы мен мәдени мұрасын әлемдік аудиторияға паш етіп, елдің туристік имиджін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.





