Аталған жоспар Талғар ауданында өткен дәстүрлі «Бақ күні» форумында жария етілді. Шараны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. Форумда бағбандар мен ғалымдар жеміс ағаштарын көбейту, жаңа сұрыптарды енгізу, заманауи агротехнологияларды қолдану мәселелерін талқылады. Бұл жиын ғылым, мемлекет және бизнес өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналды.
Форумның негізгі тақырыбы – апортты жаңғырту
Форумда сөз алған Алматы облысындағы шаруашылық жетекшісі Тыныбай Шынтасов еліміздегі селекция ісіне қатысты ойымен бөлісті:
«Қазақстандағы селекция мен инновация саласында аз да болса өзгеріс бар. Бұған шүкіршілік айтамыз. Бірақ, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін ескі подвойларды ғана пайдаланып отырмыз», – деді ол.
Форумның басты назарында әйгілі апортты қайта жандандыру мәселесі тұрды. Жоба аясында Алматы облысында 110 гектар жерге алма көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Қазақстан жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев жоба жайлы кеңінен тоқталып өтті:
«Біздің институтымыз Президент әкімшілігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен биылдан бастап апортты қайта жаңғыртуға арналған ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр», – деді ол.
Алматы облысы – елдегі ірі бау-бақша орталығы
Қазіргі таңда Алматы облысы елімізде жеміс-жидек және көкөніс өндірісі бойынша екінші орында тұр. Өңір ішкі нарықтың 16 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы өз сөзінде жаңа технологиялардың енгізілуіне ерекше тоқталды:
«Алматы облысы бойынша 12 мың гектардан астам жер бақ шаруашылығы бағытында жұмыс істеп тұр. Заманауи технологияларды енгізу арқылы 1 гектардан алынатын өнімділікті 15 тоннадан 45 тоннаға дейін көтеруге мүмкіндік бар», – деді ол.
Қарар қабылданды
Форум соңында еліміздегі селекциялық геноқорды дамытуға және апорт алмасының сұрыптарын сақтау мен көбейтуге қатысты нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды.
Бұл жоба Қазақстанның бау-бақша шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық бренд саналатын апорт алмасының әлемдік нарыққа қайта шығуына жол ашады.





