Форумның негізгі тақырыбы – өңірлік дамуды жеделдету, оның ішінде Алматы облысының стратегиялық жобаларын ілгерілету болды.
Алатау – болашақ инвестициялық хаб
Форум барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өңірдің ауқымды жобасы – Алатау жаңа қаласының құрылысын таныстырды. Бұл қала Қытай, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа нарығына тікелей шығатын болашақ инвестициялық хаб ретінде қарастырылып отыр.
– Алатау қаласында Шэньчжэнь үлгісінде арнайы экономикалық аймақ құрылды. Біз инвесторларға дайын инфрақұрылым, салықтық және әкімшілік жеңілдіктер, сондай-ақ халықаралық нарықтарға тікелей қолжетімділік ұсынамыз, – деді Исатаев.
2025 жылдың соңына дейін Алатауда екі ірі жобаны іске асыру жоспарланған:
Индустриялық парктің екінші кезеңі: 20 мың шаршы метр жаңа қойма алаңдары салынады (инвестиция көлемі – 10 млрд теңге);
Көлік-логистикалық орталық құрылысы (инвестиция көлемі – 73,3 млрд теңге).
Kazakh-Asia Investment Fund іске қосылады
Форумда 5,25 трлн теңге (шамамен 10 млрд АҚШ доллары) капиталы бар Kazakh-Asia Investment Fund қорының құрылатыны жарияланды. Қор қаражаты «жасыл» технологиялар мен орнықты жобаларға бағытталмақ. Бұл бастама Алматы облысының ұлттық инвестициялық стратегияға белсенді араласуын көрсетеді.
Маңызды келісімдер мен серіктестік
Форум аясында Алматы облысы әкімдігі мен инвесторлар арасында екі меморандумға қол қойылды:
«Азия Минерал Групп» ЖШС-пен өзара түсіністік туралы меморандум;
«SUNNY PAPER» ЖШС-пен өзара түсіністік туралы меморандум.
Аталған келісімдер халықаралық бизнестің өңірдегі экологиялық таза өндіріс, қалдықтарды қайта өңдеу және жергілікті өндірістік әлеуетті дамыту бағыттарына қызығушылығын айқын көрсетті.
– Алматы облысы трансұлттық капитал үшін тартымды орталыққа айналып келеді. Біз бизнес өкілдерімен ашық диалогқа дайынбыз және жоғары инвестициялық қайтарымы бар нақты жобаларды ұсынамыз, – деп атап өтті Исатаев.
Жалпы құны 224,7 млрд теңге болатын жобалар мақұлданды
Форум аясында жалпы құны 224,7 млрд теңгеден асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында:
Күн панельдерін өндіру,
Тетрапак қалдықтарын қайта өңдеу,
Электромобильдерге арналған тежеу жүйелерін шығару секілді жобалар бар.
Қытаймен ынтымақтастықты тереңдету
Форум биыл маусым айында Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған стратегиялық келісімдер аясында өтті. Құжат инвестиция, инфрақұрылым, экология және капиталды қорғау бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Форум қорытындысы
QAZAQ INVEST FORUM 2025 – Қазақстан өңірлерінің, әсіресе Алматы облысының жаңа инвестициялық экожүйені қалыптастырудағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Форум шеңберінде ұсынылған жобалар мен келісімдер өңірлік дамуға жаңа серпін беріп, елдің экономикалық картасында Алматы облысының стратегиялық орнын бекемдей түсті.





