Қарттар күніне орайластырылған бұл шара елімізде 1 қазанда басталған айлық аясындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Форумды Алматы қаласы мен Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары бірлесіп өткізді.
Форумға Қазақстаннан бөлек Франция, Испания, Ресей, Словакия, Болгария, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген сарапшылар қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қызметтердің, ғылыми және медициналық қауымдастықтың өкілдері бас қосты. Негізгі мақсат – халықаралық тәжірибені ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамыту жолдарын айқындау болды.
Форумның басты ерекшелігі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы ардагерлер кеңесімен, аналар кеңесімен және отбасы қолдау орталықтарымен үйлестіріліп, кешенді тәсіл қалыптастыруында. Мұндай формат Қазақстанда алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен іске асты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қатысушыларының ғылыми, шығармашылық және қолданбалы еңбектерінің көрмесі өтті. Бағдарлама аясында пленарлық отырыс ұйымдастырылып, оны Алматы қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Б.Ж. Жаубасов жүргізді.
Жиынға қалалық мәслихат хатшысы М.Б. Отыншиев, депутаттар, «Аманат» партиясының әйелдер қанатының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар офлайн және онлайн форматта қатысты.
Қатысушыларға қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Күміс университет» пен «Агрокраудсорсинг» жобаларының таныстырылымы ұсынылды. Сонымен бірге салауатты өмір салты, әлеуметтік тәжірибе мен ұрпақаралық ынтымақтастық тақырыптарында пікірталастар мен нетворкинг-сессиялар өтті.
Форум аясында делегаттар Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне, «Алтын адам» музейіне және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы экскурсия жасап, қолданбалы өнер көрмелерін, шеберлік сабақтары мен флешмобтарды тамашалады.
Форумның екінші күнгі пленарлық отырысына Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.М. Ахметова модератор болды. Отырыс барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры А.А. Аймағамбетов, гериатрия саласының маманы профессор А. Ешманова, Ұлттық кооперативтер қауымдастығының президенті К. Шайха және басқа да сарапшылар баяндама жасады.
Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген делегаттар Алматы қаласы мен облысындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысын жоғары бағалап, өз елдерінде де енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Форум қорытындысында белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамытуға қатысты ұсыныстар қамтылған резолюция қабылданып, қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді.
TEDx «Белсенді ұзақ өмір сүру» халықаралық форумы қариялардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамдағы белсенді рөлін арттыруға және ұзақ өмір сүру мәдениетін дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.





